МҰҚАНОВ Сәбит Мұқанұлы (22.4.1900. қазіргі Солт. Қазақстан обл., Жамбыл ауд. Сәбит Мұқанов атынд. а. — 18.4.1973, Алматы) — Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан ҒА акад. (1954). Ауыл молдасынан оқып, хат таныған. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген. 14—15 жасынан өлең-жырды ауызша да, жазып та шығара бастады. 1918—19 ж. Омбыдағы оқытушылар курсында білім ала жүріп, М. Жұмабаевқа хатшылық етті, оның пед. курс тарихынан оқыған лекцияларын қағазға түсірлі. Өзі де алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп, ақындық өнерін шыңдады. Оқуды бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болды. 1920 ж. жаз айында Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып, күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. 1921 ж. коммунистік төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 1921—22 ж. әр түрлі қызметтер атқарды, ел арасында астық жинау жұмысын жүргізді, Ақмола губ. ГПУ-дің Көкшетау болысындағы оперативтік уәкілі және РК(б)П Ақмола губ. к-тінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды. 1922 ж. Орынбордағы жұмысшылар ф-тіне (рабфак) түсіп, оны 1926 ж. бітірді. 1926—28 ж. баспасөз орындарында қызмет атқарды; респ. “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемл. баспасының бас редакторы. 1928 ж. Ленинград (Санкт-Петербург) ун-тінің филол. ф-тіне оқуға түсті, аз уақыт оқығаннан кейін отбасы жағдайына байланысты Петропавл қ-на келіп, “Кеңес ауылы” газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды. 1930 ж. жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде “Жарыс” альманағын шығарып. Қазақстанның әр жеріндегі шығарм. ұйымдарға үлгі көрсетті. 1932 ж. Мәскеудегі Қызыл профессорлар ин-тының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 ж. бітірді. 1935 ж. респ. “Кеңес ауылы”, “Қазақ әдебиеті” газеттерінің редакгоры қызметін атқарды. 1936—37 ж. Қазақстан Жазушылар одағын басқарды, 1937—41 ж. Қазақтын Абай атынд. пед. ин-тында проф. болып, қазақ әдебиетінен сабақ берді. Осы кезенде М-қа “Алашорда ақыны Мағжанға қамқорлық көрсетті. С.Сейфуллин бастаған ұлтшылдар тобында болды, буржуаз. ымырашылдыққа барды” деген айып тағылып, саяси сенімсіздік көрсетілді. 1943—51 ж. екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарды. Дүниежүз. Бейбітшітікті қорғау к-тінің мүшелігіне қабылданып (1958-69), Араб елдерімен достық және мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайлаңды (1965-69). 1917 жылғы Қазан төңкерісін қазақ халқына келген теңдік, бостандық деп танып, әдебиетке кедейдің жырын жырлай келгендер ішінде коммунистік идеяға берілгендігімен ерекше көзге тускен М. тек көркем шығарма жазумен ғана айнатыспай, 1920—30 ж. әдебиеттегі идеялық күреске белсене араласып, сын мен әдебиеттану саласында да қалам тартты. М. әдебиетке араласқаннан бастап-ақ дәуір, заман алға қойған тақырыптарға да назар аударды. Ол қазақ әдебиетінін барлық жанрында өндіре еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра сан жанрлы, мол көлемлі, идеялық-эстет. мәні жоғары да бағалы. Ол 80 мың жолға жуық лирик. өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерк, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығарм-н талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер. т.б. сан-салалы кітаптар жазды. М-тың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен оңгімелері (“Көңілім”, 1917; “Бостандық” 1919, т.б.) 1917 жылдан жариялана бастады. Ол 1924 ж. өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын “Совет өкіметі һәм қазақ әйелі” атты тұңғыш кітапшасын шығарды. 20 жасынан поэма жаза бастады: “Балбөпе”, “Жетім қыз”, “Батырақ”, “Қанды көл”, “Жүйткі, қара айғырым”, т.б. 1926—27 ж. М-тың үш жинағы: “Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы”, “Октябрьдің өткелдері” поэмалары. “Ақбөпенің сыры” повесі жарық көрді. 1928 ж. “Сұлушаш” дастаны, 1931 ж. “Адасқандар” романы (орыс тілінде “Сын бая”, 1934), т.б. туындылары жарияланды. М-тың “Сұлушаш” дастаны — өлеңмен жазылған роман талабына сай туынды. М. бұл дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеум. мәні зор түйіндерді толғады. Ал “Адасқандар” романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 ж. “Мөлдір махаббат” деген атпен қайта бастырып шығарды (1962—64 ж. орыс тілінде жарияланды).
М-тың 30-жылдардағы “Майға сәлем” (1933), “Сөз — Советтік армия” (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), “Жұмбақ жалау” романы (1938), т.б. туындыларынан замандас бейнесі, қоғам кескіні аңғарылады. Одан соң “Те-міртас” (1935), “Есіл” (1937) романдары, “Достар” (1937) повесі, т.б. шығармалары жарыққа шықты. М. “Жұмбақ жалау” (1938), “Ботагөз”,1948, орыс тілінде “Ботагоз”) романында Қазақстандағы 1910—20 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. 1-дүниежүз. соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, т.б. ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне арқау болған. Романдағы басты тақырып – қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры. «Ботагөз» романы — қазақ халқы өміріндегі төңкерістік ірі кезенді шебер бейнелеген келелі шығарма. Роман КСРО халықтары тілдерінде және бірқатар шет ел тілдерінде аударылып басылды. ”Ботагөз” романына негізделіп пьеса жазылып, Қазақстан театрлары сахнасына шықты, кинофильм түсірілді. М. 40-жылдары “Менің мектептерім” (1940, кейіннен үш томдық “Өмір мектебі”) романын, “Балуан Шолақ” повесін (1945, 1953), “Сырдария” романын (1948), “Поэзия маршалы”, “Майданға хат”, “Жеңімпаз Қызыл Армия”, “Фашизмнің ажалы”, т.б. прозатық және поэзиялық шығармаларын жазды. Прозада ол роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты. М-тың “Өмір мектебі” трилогиясынан орыс жазушысы М.Горький шығармаларының ықпалы аңғарылады. Кітаптың алғашқы тараулары “Менің мектептерім” деген атпен 1930 ж. жарияланды. 1941 ж. жеке кітап болып басылды. Кейін толықтырылған нұсқасы “Өмір мектебі” деген атпен (1, 2-кіт., 1953; 3-кіт., 1964) жарияланды. Бұл шығарма қазақ халқының жарты ғасырлық тарихи шежіресі іспетті. Жазушы “Балуан Шолақ” повесінде Қазан төңкерісі алдындағы оқиғаларды, халық арасынан шыққан дарынды өнерпаз Балуан Шолақ өмірін бейнелесе, “Сырдария” романында 2-дүниежүз. соғыс жылдарындағы халықтың тылдағы ерлік еңбегін, отаншылдық сезімін суреттеді. Роман 1948 ж. жеке кітап болып шықты, кейін 1953 ж. толыққан, өнделген нұсқасы Мәскеуде орыс тіліне аударылып, өзге тілдерде бірнеше рет басылды. М. 1950 ж. “Шоқан Уәлиханов” драмасын, “Тыңдағы толқындар” романын жазды. “Саяхаттар” (1954), “Туған жердің тыңында” (1955), “Тыңда тұнған байлық” (1957). “Алыптың адымдары” (1959). “Адам—Атаның шоқысында” (1959) кітаптарын шығарды. Өлеңмен жазылған “Замандас туралы аңыз” атты шығармасын (1961) жариялады. М. қазақтың 19-ғ-дағы ойшылғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығарм-н ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Осы жөніндегі шығарм. мақсатын жүзеге асыруда Қытайда, Шыңжаң өлкесінде болып, Шоқанның сонда өткізген өмір кезеңдерін, бастан кешірген оқиғаларын зерттеп білді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербург) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинады. Соның нәтижесінде оның қаламынан “Шоқан Уәлиханов” пьесасы мен “Жарқын жұлдыздар” атты зерттеу еңбегі туды. М. өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен “Аққан жұлдыз'” романын жазып, оның екі кітабын шығарды. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бұл роман аяқталмай қалды. Романның 1-кітабында (1967) Шоқанның жастық шағы, өскен ортасы, тәрбиесі, Омбыдағы кадет корпусын бітіріп шыққанға дейінгі өмірі суреттелсе, 2-кітапта (1970) Шоқанның ген.-губернатор Г.Х.Гасфорттың қарамағында адъютант болған мерзімнен бастап, Шыңжаң сапарына дейінгі өмір кезеңдері баяндалды. М. драматургия саласында да көп еңбектенді. Кезінде театр сахнасынан тұрақты орын алған “Шоқан Уәлиханов”, “Қашқар қызы”, “Сәкен Сейфуллин” пьесалары — көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған шығармалар. “Шоқан Уәлиханов” пьесасынан бас кейіпкер Шоқан өмірінің аса маңызды кезеңдері көзге елестесе, “Сәкен Сейфуллин” пьесасында Сәкеннің қайраткерлік бейнесі жасалған. Сын, әдебиеттану саласына да М. көп еңбек сіңірді. Ол өз ұлтының көркем мұрасын терең игерумен бірге, поэзия теориясының қағидалары мен ережелеріне, өлең құрылысына жіті көңіл бөлді. Орыс символизмінің әдеби, эстет. және филос. мәндерін ұғына отырып, оны өз өлеңдерінде қолданды. С.Сейфуллиннің “Советстаны” мен І.Жансүгіровтің “Дала” поэмаларындағы фольклорлық ізденістерге, ұйқас, ырғақ, шумақ құрылысындағы соны өзгеріс-құбылыстарға зер салды. “Поэзия мәселесі” дейтін зерттеуінде (1933) “1927 жылдан бастап мен қазақ поэзиясына жанжал жасағандай, дұрыс айтқанда, қанағаттанбағандай болдым. Маған қазақ өлеңінің 4 аяқты, 6 аяқты, 8 аяқты түрлері күрделі пікір айтуға қолды байлайтын сықылданды. Сондықтан мен “Тұрмыс тұлпары” өлеңімнен бастап халық әдебиетінің шұбыртпалы түріне бет алғандай болдым. Маған шұбыртпаты түрдің (“Қобыланды”, “Алпамыс”) екпіні, ырғағы 6 аяқтардан күшті сықылданды. Шұбыртпалы түрдің құшағы пікір құшақтауға кең тәрізденді” – деп жазады. Заман лебі, әлеум.-қоғамдық өзгерістер М. ақындығына да қуатты ағын, тегеурін үстеді. С.Мұқанов ақындығы “Майға сәлем” (1933), “Поэзия Маршалы” (1940), “Жүйткі, қара айғырым” (1930), т.б. шығармаларынан көрінді. Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольктор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақтың батырлық және ғашықтық жырларының жанрлық ерекшеліктері мен композиц., сюжеттік ұқсастықтарын салыстыра отырып, олардын халық шығарм-ндағы орнын анықтады. Эпик. жырлардың жанрлық тарихи сипаттары мен әдебиеттегі орнын белгілеуде фольклорлық мұраны жариялау, зерттеу ғылымына өзіндік үлес қосты. 18-19 және 20-ғ-лардағы әдебиет тарихы және ақын-жыраулар шығарм. туралы зерттеу еңбектер жазды. 1929 ж. “Еңбекші қазақ” газетінде “Әдебиет туралы ашық хат” жариялап, онда “Қазақстанда әдебиетті зерттеу жөнінде “істелген іс атымен жоқ”, сондықтан “біздің міндетіміз аздап болса да әліміз жеткенше осы істелмей жатқан іске атсалысу” деген пікірін білдірді. М-тың қазақ әдебиеті туралы зерттеу нысандарын, негізінен, 18—19-ғ-лардағы қазақ әдебиеті, Ш.Уәлиханов пен Абай Құнанбайұлы, 20-ғ. басындағы қазақ әдебиеті деп бөлуге болады. Оның “20-ғ-дағы қазақ әдебиеті” (1932) атты кітабы сол кезеңдегі қазақ әдебиетінің шындығы мен дамуы жайында жарияланған бірден-бір дұрыс еңбек болды. Еңбекте А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ғұмар Қараш, М.Жұмабаев. С.Торайғыров, С.Дөнентаев, Б.Күлеев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов. т.б. ақын-жазушылар шығармна кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен, көркемдік тұрғыдағы озық үлгідерін шынайы бағалады. М.Жұмабаев туралы “Ақындық жағынан келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп, Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ”‘ деген пікірін ашық жазды. “Қазақтың 18-19-ғ-лардағы әдебиетінің тарихынан очерктер” (1942, кейін тыйым салынған) атты монографиясында ақын-жыраулар (Бұқар, Байтоқ, Жанұзақ, Махамбет. Шортанбай, Шернияз, Мұрат, т.б.) поэзиясы мен жыр-дастандарға, сондай-ақ атақты тарихи тұлғаларға (Абылай, Кенесары) қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тұрғысынан қарады. М. қазақ елінің мүддесі, халық тағдыры тұрғысынан патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынға алды. Сонымен қатар ол осыған дейін бір жүйеге түсіп жіктелмеген, жеке ғыл. талдау жасалмаған қазақ халқының айтыс өнерін зерттеу нышанына айналдырды. М-тың 1944— 45 ж. жазылып, 1961 ж. жарық көрген “Абай Құнанбаев” монографиясы автордың Абай туралы пікірлері мен қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні жайлы көзқарастарының өсіп-жетілу кезеңдерін көрсетеді. “Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер” (“Еңбекші қазақ”, 1.3.1923) атгы мақаласында ол Абайды ескішіл, байшыл ақындар қатарына жатқызып, үстем тап ақыны деп санаған болса, аталған монографияға дейін Абай болмысын танытатын көптеген құнды мақалалар (“Абайды тану жолындағы пікірлер” (“Қазақ әдебиеті”, 29.11.1934), “Абай — хатық ақыны” (Әдебиет майданы, 1937, N4, 5), “Абайдың шәкірттері туралы” (“Әдебиет және искусство”, 1951, N7, т.б.) жазып, абайтануға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ оның “Саяхаттар” (1954), “Туған жердің тыңында” (1955), “Тыңда тұнған байлық” (1957), “Алыптың адымдары” (1959), “Замандас туралы аңыз” (1961) атты кітаптарында 200-ден астам әдебисын мақалалары жинақталған. Оның “Өсу жолдарымыз” (1960), “Жарқын жұлдыздар” (1964), “Халық мұрасы” (1974), Қазақ қауымы (1995) атты монография, зерттеулері қазақ халқының мәдениеті, тілі, өнері, материалдық тұрмысы, т.б. туралы жазылған сүбелі еңбек болып саналды. М. жаңа өмірге, бақытты өмірге қол жеткіземіз деп сендірген қоғамдық күштермен бірге соц. идеяларға үн қосып, туған елінің мүддесіне, халық кәдесіне жарайтын жақсылық табуға ұмтылды, суреткерлік дарыны мен қайраткерлік қарымын сарқа жұмсап, аянбай еңбек етті. Осы жолда кеңестік идеологияны қолдамаған алаш-шыл ақын-жазушыларды сын тезіне алып, тапшылдық ұстанымдарын айқын танытты. Әйтсе де олардың жазушылық, ақындық талантын жоғары бағалады, оларды қазақ кеңес әдебиетіне қызмет етуте шақырды. Қазақ халқының ұлттық тілі мен мәдениетіне қатысты Кеңес өкіметінің әр кезеңдердегі солақай шешімлеріне қарсы шығып, өзі сенген биліктің сынына да ұшырады. 1951 ж. 13-15 маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының (Төралқа мүшелерінің) Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасы жөнінде өткізген пікірталасынан кейін Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е.Ысмайылов. т.б. әдебиет зерттеушілерімен бірге М-тың да абайтанудағы “қателіктері” көрсетілді (Әуезовтің “Литературная газетаға” жазған ашық хаты, “Абай” журнаты, № 2, 1996). 1956 ж. Орт. партия к-ті қазақ баспасөздерін аудару арқылы бақылау жасауды ұсынғанда алғаш болып М. қарсы шықты. 1956 ж. қазақ зиялы қауымы республиканың қоғамдық-саяси өмірінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы мәселе қойды, осыған орай Қазақ КСР-інің Жоғ. Кеңесі сессиясында сөйлеген сөзінде М. “Қазақ республикасында қазақ тілі мәртебесін төмендетуге, респ. мекемелерде, жиылыстарда қазақтардың өз тілінде сөйлеуіне тыйым салуға ешкімге құқық берілмегендігі” туралы өткір пікір білдірді (ЦГАНИ, 708 қор. 30 оп., 76 іс. 85-6.). Екі аптадан кейін Орт. к-тке “қазақ тілі тек қана тұрмыстық деңгейде қалып, мемл. тіл ретінде өмір сүруін шын мәнінде тоқтатқандығын” баяндай келіп, оны қалпына келтіру жолдарын көрсеткен өткір хат жазды. М. сонымен қатар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көркеюі, өсіп-өнуі жолында көптеген қазақ қаламгерлерінің әдебиет жолындағы бастапқы шығарм. қадамдарына қолдау көрсетті, қарапайым хатықпен тығыз байланыс орнатты. 1930—50 ж. аралығында әдебиетке келген өз қатарластары мен жаңа толқын өкілдері М. жанашырлығын көріп өсті. М. есімі қазақ әдебиетінің “алыптар шоғыры” қатарында аталады. Оның шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылды. 1956—66 ж. Қазақстан КП ОК-нің мүшесі болды. 2-8-сайл. Қазақ КСР Жоғ. Кеңесінің депутаты. КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі болып сайланды. ҚР Мемл. сылығының 1-лауреаты атанды. М. 2 рет Ленин ордені, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, медалдермен марапатталды. 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгердің есімі Алматы қ-ның көшесіне, туған ауылына, ондағы мектепке, обл. Кітапханаға, обл. драма театрына берілді. Алматы қ-ндағы М. атынд. көшеде ескерткіш мүсіні орнатылды (2000).
Шығ.: Толық шығ. жин., 1-2-т.. А., 1936; Таңд. шығ., 1-6-т., А.. 1955-58: Толық танд. шығ. (16 томдық), 1-5-., А., 1971-74: Тұлпар. М., 1934: Сұлушаш, М., 1949: Сыр-Дарья, М, 1954; Школа жизни, кн. 1-2. А,-А., 1957-58; Стихи и поэмы, А,-А., 1960; Сказание о современнике. Повесть в стихах, А.-А., 1962; Балуан Шолак, М., 1962; Ботагоз, М., 1964.
Әдеб.: Нуртазин Т., О творчестве С. Муканова. А.-А., 1951: его ж е. Сабит Муканов, А.-А., 1958: Әуезов М.. Әр жылдар ойлары. А., 1959: Кедрина 3., Из живого источника, М., 1960: Очерки истории казахской советской литературы, М., 1960: Лизунова Е.В., Современный казахский роман, А.-А., 1964: Қазақ әдебиетінің тарихы, 3-т., 1-кіт., А., 1967; Қаратаев М., Эпостан эпопеяға, А., 1969: Қаратаев М., Нұртазин Т.. Қирабаев С., Қазақ совет әдебиеті, А., 1971: Ергөбеков Қ., С. Мұқанов, А.,1989; Кәкішев Т. Ескірмейді естелік, А.,1994; соныкі, Мағжан мен Сәкен, А., 1999; соныкі, Сәбең әлемі, А., 2000; Сәбит Мұқанов — классик, А., 2000; Сәбит Мұқанов және қазақ әдебиеті, А., 2000; Өмірбаяндық өрнектер, А., 2002.
Қ. Мұқанов