«Ұлы даланың ұлы ойшылы» конференциясы

Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана ZOOM платформасында қазақтың ұлы перзенті Абай Құнанбаевқа арналған «Ұлы даланың ұлы ойшылы» атты конференция өткізді. Конференция жұмысына СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Серікбаев Сейілхан Махмұтұлы, М.Қозыбаев атындағы СҚУ профессоры, академик, абайтанушы Тайшыбай Зарқын және Е.Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жазба ақындар бағыты бойынша жетекшісі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, республикалық айтыстардың, жыр-мүшәйралардың жүлдегері, ақын Аманжол Зағыпар қатысты. Шараны кітапхананың бөлім басшысы Қ.Мәлікова жүргізді.

Алғашқы сөз сөйлеген Сейілхан Махмұтұлы Абайдың қара сөздерінің қазіргі күнде де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Ақынның қара сөздерін Қазақстан Республикасының Әдеп кодексімен салыстыра отырып, ұлы ойшылдың өсиет сөздерін қазіргі қолданыстағы Әдеп кодексінде белгіленген мемлекет қызметкерлерінің жүріс-тұрысының жалпы стандарттарын белгілеп кеткендей екенін айтты. Абай тұжырымдамаларының, ойшылдың «Адам бол» қағидасының қазіргі күнде де өзекті, тіпті бұрынғыдан да зор мағынаға ие екенін баса айтты.

 

Келесі сөз алған абайтанушы, профессор, академик З.Тайшыбай «Абайдың ұлылығы – оның бізден алыстаған сайын, біздің оған жақындай түсетінімізде», — деді. Ұлағатты ұстаз кітапхананың мәдени, әдеби, ғылыми, танымдық орталық ретінде атқарып жатқан істеріне оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді.

 

 

Ақын Зағыпар Аманжол ұлы ойшыл туралы ойларымен бөлісіп, ақын шығармалары кез келген адам үшін керек екенін, Абай адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір сүру формуласын жасап кеткен тілге тиек етті. Өзінің Абайға арнаған «Абай рухымен сырласу» және «Абай туған Шыңғыстау» өлеңдерін оқып берді.Шараға тыңдаушы ретінде мемлекеттік қызметшілер және облыстың аудандық, ауылдық кітапханалары қатысты.

#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Информация #Мероприятия #Книги #Чтение #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс