«Өлеңі өмірінің айнасындай»

2022 жылдың 23 желтоқсаны күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Жерлесіміз, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО телевизиясының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Солтүстік Қазақстан облысының және Есіл ауданының құрметті азаматы Мүтәллап Қанғожиннің туғанынга 85 жыл толуына арналған «Өлеңі өмірінің айнасындай» атты еске алу кеші өтті.
Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, журналистер, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері, облыстық ардагерлер кеңесінің, «Асыл мұра» орталығының мүшелері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Шараны белгілі жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі, Мүтәллап ағамен бірге қызмет істеген Жақсыбай Самрат жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған ол, Мүтәллап Қанғожиннің қиын балалық шағына, одан кейінгі өмір жолдарына, Солтүстік Қазақстан облыстық телестудиясында қатардағы редакторлық қызметтен бастап, аға редактор, бас редактор, телехабарлар директоры болып істеп, ұжымның бірінші басшылығына дейінгі жолдан өткенін, еліміз тәуелсіздік алып, жаңа мемлекет құрып жатқан, нарыққа өтпелі кезеңнің қиындықтарымен бетпе-бет келген 1993-1997 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясын басқарғанын тілге тиек етті.
Еске алу кешінде сөз сөйлеген еңбек ардагері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов, белгілі күйші-домбырашы, ардагер ұстаз Серікбай Құсайынов, ардагер журналист, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі Ахметжан Қуантаев Мүтәллап Қанғожиннің адамгершілік қасиеттеріне, оның өмірдің қайнаған ортасында жүріп мақалалар, очерктер және өлеңдер жазғанын, олардың үнемі облыстық және республикалық баспасөзде жарияланып тұрғанын, кейін олардың 20 шақты кітап болып жарық көргенін әңгімеледі.
Ақын, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Самрат Құскенов белгілі ақын Зейнолла Әкімжановтің Мүтәллап Қанғожинге арнаған «Қараағаштың баласы» атты өлеңін оқып берді.
Кешімізге М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3 курс студенттері белсене қатысты. Мүтәллап Қанғожиннің «Атыңнан Мағжан деген ауыспады» атты өлеңін Алмаз Ақжігіт, «Не күтіп тұр мені алда?» атты өлеңін Қарақат Нұржанова, «Шабыт» атты өлеңін Қызғалдақ Бердімұрат мәнерлеп жатқа оқыса, №8 орта мектептің 10-сынып оқушысы Әдемі Амангелді Мүтәллап Қанғожиннің туған ауылына арнаған «Қараағаш» атты өлеңін жатқа оқып берді.
Шараға қатысушылар «Ақыннан өлмес жыр қалған» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Мероприятия #Информация #ПрямыеЭфиры #Чтение #Книги