|

Дарынды ақын, майталман қаламгер

2026 жылдың 22 қазаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, белгілі ақын, журналист Болат Қожахметовтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Дарынды ақын, майталман қаламгер» атты әдеби кеш өтті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, еңбек ардагерлері, студенттер, мектеп оқушылары, мерейтой иесінің әріптестері, жерлестері, кітапхана оқырмандары қатысты.

Іс-шараны жазушы, журналист, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізіп отырды.

Кеш ақын, ҚР Ұлттық ұланы Академиясы жанындағы Орталық музей филиалының аға маманы Жұмабек Рахимовтың орындауында мерейтой иесі Болат ағаға Арнау өлеңімен ашылды.

Алғашқы болып сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов мерейтой иесі Болат Қожахметовке облысымыздағы құрметті атақ «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті ардагері» төс белгісін және Құттықтау хатын табыстады. Сыныптасы ретінде ақын, журналист Болат Қожахметовтің мектепте оқығанда зерек болғанын, өлең жазуды мектеп қабырғасында бастағанын тілге тиек етті, азаматтық ұстанымы мен адамгершілік қасиеттеріне терең тоқталды.

Келесі құттықтау сөз алған Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Ербақыт Амантай мерейтой иесінің иығына шапан жауып, сый-құрметін жасады, саналы ғұмырын облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің дамуына, жас журналистерді тәрбиелеу жолына арнағанын баса айтты.

Шәкірті М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар» кафедрасының аға оқытушысы Гүлгүл Төлешева Болат Қожахметовтің шығармашылығына, журналистік қызметіне тоқталды, оның өзіне кәсіби журналистік бағыт-бағдар бергеніне алғысын білдірді.

Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова Болат Қожахметовке арнаған өлеңін оқып берді.

Ардагер ұстаз Марат Малаев, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов та жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Жастар ақын әрі журналист Болат Қожахметовтің өлеңдерін сүйіп оқиды.

Similar Posts