Кенжеғожин Балғожа

КЕНЖЕҒОЖИН Балғожа (1902. Жамбыл ауд. Есперлі а. – 1992) – өнеркәсіп орнын ұйымдастырушы. 2-дүниежүз. соғысқа қатысқан. Бастауыш мектепті, колхоз председателдерінің курсын бітірген. Еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1928—35 ж. Төңкеріс ауд. №6 ауылдық оқругінің төрағасы. Жарқын ауылдық тұтынушылар одағы төрағасынің орынбасары. 1936—37 ж. Преснов ауд. тұтынушылар одағы төрағасының орынбасары болған. 1940—42 ж. Орал әскери з-тында еңбек армиясы құрамында жұмыс істеген. 1943 ж. Орал танк корпусына өз еркімен қосылып, соғысқа аттанған. 1943 ж. тамыз айында ұрыстардың бірінде ротадан тек 7 жауынгер ғана тірі қалып. К. оларды басқара отырып, жаумен одан әрі соғысады. Осы ұрыста ол ауыр жараланып, мүгедек болып еліне оралады да бірден жұмысқа кірісіп кетеді. Преснов ауд. Айымжан және Қара ағаш колхоздарының төрағасы, содан кейін тұтынушылар бірлестігінде жұмыс істейді. 1966 ж. зейнеткерлік демалысқа шығады. Көркемдігі жоғары “Ақ бүркіт”, “Әлім мен Рәзия”, “Әсет — Әсия” әдеби шығармаларын жазады. 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен, медалдермен марапатталған.