Іскер әйелдердің әлеуеті зор

С.Мұқанов атындағы облыстың ғылыми-әмбебап кітапханада өткен жиында «Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі әйелдердің орны мен рөлі» тақырыбы әңгіме өзегіне айналды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

— Осында отырған барлық әйелдер қауымының мақсаты бір. Ол — елімізді жетілдіріп, мемлекеттің болашағын ойлау. Сол себепті, мемлекет сіздер сияқты әйелдер қауымына әрдайым қолдау жасайды. Статистикаға сүйенсек, мемлекеттік қызметте әйелдер саны — 63, сот жұмыстарында — 67, ал құқық қорғау органдарында 15 пайыз екен. Нәзік жандар депутаттық қызметте де белсенді. Олардың үлесі облыс бойынша 29 пайызға, яғни 62 адамға жетіп отыр. Бұл жақсы көрсеткіш деп айтуға болады, — деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Жиында облыстық іскер әйелдер клубының төрайымы тағайындалды. Оған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің тарих, экономика және құқық факультетінің деканы Зәуре Қартова жетекшілік ететін болды. Осыдан 8 жыл бұрын құрылған ұйымға бүгінде отызға жуық нәзік жан мүше.

Шараға Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Есіл және Мамлют аудандарынан келген іскер әйелдер де қатысты. Оларға маслихат депутаттығына сайлауға түсу, басшы болу үшін қандай білім мен біліктілік қажет екендігі түсіндірілді. Одан кейін тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Қартова қазіргі таңдағы Қазақстандағы гендерлік саясатқа тоқталыл, бүгінгі әйелдердің ерекшеліктерін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар Ленинград қаласының азат етілуінің 75 жылдығына орай, Санкт- Петербургтен арнайы әкелінген көрмені тамашалады.

Индира ЖОЛДАЯҚОВА (М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті)


Жолдаяқова И. Іскер әйелдердің әлеуеті зор../ Soltustik Qazaqstan. — 31 qantar.- 2019  jyl. — №11. –3  b.