Әдеби-музыкалық кеш «Қош келдің, әз Наурыз!»

2021 жылдың 17 наурызы күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Наурыз мейрамына арналған «Қош келдің, әз Наурыз!»  атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Шараға  еңбек ардагерлері, аталар мен  әжелер, студенттер, кітапхана оқырмандары қатысты.

Шара барысында Наурыз мейрамының  тарихы туралы баяндалды, салт-дәстүрлер көрсетіліп, ән-күйге кең орын берілді, ақындар Наурызға арнаған өлеңдерін оқыды.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 1 курс студенті, Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің шәкірті, жас ақын Диас Аяған мен М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 2 курс студенті Ермек Жумин Наурызға арналған айтыс көрсетті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының қазақ шығармашылығын дамыту бөлімінің басшысы Өтепбергенов Серік Жанайұлы  терме және әндер орындап, қатысушылардың қошеметіне бөленді.

Дәулескер күйші, ардагер ұстаз Құсайынов Серікбай аға күйден шашу шашты.

Шараға қатысушылар «Наурыз – бірлік пен ынтымақ мейрамы»  атты суретті кітап көрмесін тамашалады.

Шараның соңында Наурыз мейрамының өзіне тән қасиетті ырым асы  — «Наурыз көже» ішіп, Наурыз дастарханынан дәм татты.