Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов - 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді. Жұмекен атасы Нәжімеден Стамғазиевтің бауырында өсіп, тәрбие алған. Сөз бен тарих және туған халқының дәстүрлеріне деген сүйіспеншілік сезімді бала Нәжімекеннің бойында қалыптастырған атасы. Немересіне өзінің атақты бабалары Қартпанбет жырау (алтыншы ата) мен оның әпкесі Қосуан (Махамбет Өтемісұлының туған шешесі) туралы сыр шертетін.
1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1954-55 жж. «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
1955-56 жж. Қарағандыда №33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып істеді.
1956-59 жж. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде дәріс алды.
1959-65 жж. «Жазушы» баспасында кіші редактор, 1965-66 жж. «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966-71 жж. Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды.
1971-73 жж. Москва қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы әдеби курсты бітірді. 1974-78 жж. Қазақ мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, 1978-83 жж. «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді.
Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды!» (1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым,саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Мен туған күн» (1972), «Жеті бояу» (1979), «Шуақ" (1980), «Ашық аспан» (1981), «Темірқазық» (1982), «Қыран қия» (1984), «Менің топырағым» (1985), «Ұрпағым, саған айтам» (1988), «Мен тамырмын» (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жаңғырық» (2003), «Менің Қазақстаным» (2008) атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді.
Үш томдық өлеңдер мен дастандар жинағы 1996-1997 жж., екі томдық өлеңдер жинағы 2005 ж. жарық көрді.
2010 жылы «Алтын қалам» сериясы бойынша өлеңдер мен поэмалар жинағы жарыққа шықты.
2012 жылы Ж.Нәжімеденовтың жеті томдық толық шығармалар жинағы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді.
Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ мен дақпырт» (1977) атты романдар жарық көрді.
Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты.
Ж. Нәжімеденов асқан күйші болған. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты. Аудиокітапта ақынның күй құдіретін түсіндірген өлеңдері және өнер қайраткерлерінің орындаған туындылары қатар өріліп, тыңдарманына тарту етілген.
Ақынның орыс тіліне аударылған «Весенние ветры» (1969), «Мое рождение» (1982), «Тебе говорю, потомок» (1986), «Солнцеворот» (1994) атты өлеңдер жинақтары басылды.
2003 жылы Санкт - Петербург қаласында орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері топтастырылған «Я есть» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылып, басылды.
Ж.Нәжімеденов аударма саласында Сағдидың «Бустан» дастанын, Түрік ақындарының өлеңдерін, А.Блоктың «Зауал» дастанын, М.Лермонтов пен В.Маяковскийдің көптеген өлеңдерін, А.Вознесенскийдің шығармалар жинағын қазақ тіліне аударды.
2002 жылы Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы сериясымен «Жұмекен» атты жинақ басылып шықты. 2005 жылы «Менің Қазақстаным» (2005) атты кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Жұмекен Нәжімеденов - 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы.
«Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. Ол кісінің жұбайы Нәсіп апайдың айтуынша Жұмекен әнді 1956 жылы Алматыда, белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазған. Бұл өлең бір қарағанда Қазақстан миллиард пұт астық жинағанына арналып жазылған сияқты болып көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршыларға қарсылықтан туған.
«Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында орындалды.
Жұмекен Нәжімеденов 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Ж.Нәжімеденов - Атырау облысының Құрметті азаматы. Ақынның туған ауданында бір ауыл және орта мектеп оның есімімен аталады. Ол туралы «Жұмекен» атты деректі фильм және М.Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным - Жұмекен» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ақын шығармашылығы туралы Қ.Юсуповтың «Ж.Нәжімеденовтің ақындығы» деген монографиясы басылды.
2006 жылы ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы «Жұмекеннің жүрегі» деген естелік кітап жарық көрді.
Жұмекен Нәжімеденовтың өмірі мен шығармашылығы туралы толық ақпаратты оның ресми сайты zhumeken.kz және "Әдебиет порталы" сайтынан табуға болады.
Электронды кітаптарыАвтор туралы мақалалар Ақынға арнаулар:
Светқали Нұржан. «Сордағы із» (дастан)
Иран-Ғайып. МӘҢГІЛІК ЖЫРЫ ( Жұмекенге )
Фильмдер
«Тағдыр жолы». Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов \ Ғибратты ғұмырлар \ Асыл арна
Ұмытпаймыз. Жұмекен Нәжімеденов
Үркер. Жұмекен Нәжімеденов
Парасат Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов. "Көзгерген"
Жұмекен Нәжімеденов
Жұмекен Нәжімеденов - 2 бөлім
Аудио кітаптар:
Жұмекен Нәжімеденов - «Келін» поэмасы
Жұмекен Нәжімеденов.Бір үзім нан (әңгіме)
Жұмеден Нәжімеденов Хат тасушыЖұмекеннің күнделігі:7-тамыз8-9-тамыз10-11 тамыз15-17 тамыз19-тамыз26-29-тамыз31-тамыз3-қыркүйек8-қыркүйек