2025 жылдың 28 наурызы күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, академик, ғалым, жазушы, ақын, аудармашы Ебіней Бөкетовтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Ебіней Бөкетовтің бірегей мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, ҚР Ұлттық ұлан академиясының курсанттары, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары мен студенттері, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің және Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледждің студенттері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Іс-шараны белгілі жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншкті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай Ебіней Бөкетовті алғаш рет Қарағанды облыстық газетінде жұмыс істеп жүрген кезде көріп, танысқанын, Шоқан туралы «Шоқанның шуақты күндері» атты 100 беттік еңбегін қысқартып, қазақшалап 10 бет қылып бастырғанын тілге тиек ете отыра, оның адамгершілік келбетіне, кісілігіне, еліміздің ғылымы мен әдебиетіне сіңірген зор еңбегіне жан-жақты тоқталды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанындағы Тіл және әдебиет институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Данагүл Қуандықова «Академик Е.Бөкетовтің өмірі мен әдеби мұрасы» тақырыбында баяндама жасап, осы «Е.Бөкетовтің әдеби мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғағаны жайлы баяндады.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің тарих, экономика және құқық кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зылыйқа Бимақанова «Ебіней Бөкетов – қазақтың Ломоносовы» тақырыбында баяндама жасады, 1975 жылы Қарағанды университетіне оқуға түсуге барғанда Ебіней Бөкетовті көргенін, оның өзіне қамқорлық жасап, ақыл-кеңес бергенін өте тебіреніспен айтып берді.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова «Ебіней Бөкетов - шоқантанушы» тақырыбында баяндама жасады.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыров «Ебіней Бөкетов прозасындағы бейне жасау шеберлігі» тақырыбында баяндама жасады.
Ардагер ұстаз Ғабит Қоңырбаев Ебіней Бөкетов туралы естелігімен бөлісті.
Іс-шараға қатысушылар «Ебіней Бөкетов – ғалым, жазушы, ақын, аудармашы» атты кітап көрмесін тамашалады.