Биыл – қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл. Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен ҚР Ұлттық ұланы академиясы бірлесіп, «Жеңіс жаңғырығы» жобасы аясында тікелей эфирде «Қазақтың қаһарман қызы – Әлия» атты ерлік сағатын ұйымдастырды (тікелей эфирге
сілтеме).
Іс-шараның негізгі мақсаты – жауынгерлік ерлігімен ел есінде қалған батыр қыздың өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету, патриоттық рухты арттыру. Шара барысында Әлияның балалық шағы, Отан үшін қан майданда көрсеткен қайсарлығы мен ерлікке толы соңғы сәттері туралы мәліметтер ұсынылды.
Ерлік сағаты аясында ҚР Ұлттық ұланы академиясының 473к тобының курсанттары Боранбай Нұрлан мен Жиенбек Бақберген Әлия Молдағұлованың өмірі мен майдандағы ерліктері жөнінде баяндап берді. Батыр рухына деген құрмет ретінде 474к тобының курсанты Құрбанәлі Әсет Яков Хелемскийдің «Сердце Лии» атты жүрек тебірентер өлеңін оқыды. Сонымен қатар 481в тобының курсанты Оралғазы Данияр Әлияға арнаған өзінің жүрекжарды жырын оқып, батыр рухына тағзым етті.
Іс-шара 473и тобының курсанты Тұрғанбек Дәукеннің орындауында «Әлия» әнімен аяқталды.