АЙСАРИН Әбдірахман Көшерұлы (1898, бұрынғы Петропавл уезі, Шоға а. Аққұс болысы — 1938) — жазушы, публицист. 1916—18 ж. Троицк қ-ндағы "Уазифа" медресесінде оқыды. 1919 ж. сол жерде ауыл мұғалімінің курсын бітірген. 1919— 21 ж. Орынборда "Ұшқын", "Еңбек туы" газеттерінде, Петропавл уезінің халық сотында, 1926—32 ж. "Бостандық туы", "Кеңес ауылы", "Еңбекші қазақ" газеттерінде қызмет істеген. 1932—37 ж. Қазақстан Жазушылар одағының Петропавлдағы бөлімін басқарған. А-нің қазақ ауылының тұрмысы, махаббат, адам бостандығы жайында жазған: "Болсаң болаттай бол", "Мәжен", "Той тарқар", "Бәсекелестер жиыны", "Жол айрығы", "Айжанның азабы" (1924), "Мырзалар" (1927), "Жүрек жұмбағы" (1928). т.б. әңгімелері және "Көн құрысса қалпына барады", "Алма өз түбінен аулаққа түспейді" (1927-28) повестері жарық көрген.
Д. Ысқақов