«Батыр Баян – ел тарихындағы ұлы тұлға»

2024 жылдың 26 қаңтары күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, Батыр Баян Қасаболатұлының туғанына 310 жыл толуына арналған «Батыр Баян – ел тарихындағы ұлы тұлға» атты тарихи кеш өтті.
Іс-шараны белгілі жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілщісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Шараға зиялы қауым өкілдері, оқытушылар, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері, кітапхана оқырмандары, Батыр Баянның ұрпақтары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған М.Қозыбаев атындағы СҚУ-нің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зылыйқа Бимақанова «Батыр Баянның тарих сахнасындағы ерліктері» тақырыбында баяндама жасап, Батыр Баянның ХYIII ғасырда қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшін болған ұрыстарда көрсеткен ерліктеріне жан-жақты тоқталды және оның Абылай ханның сенімді серігі әрі бас батырларының бірі болғанын баса айтты. Тіл және әдебиет институтының Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі Жазира Көкбас «Батыр Баян бейнесі көркем әдебиетте» тақырыбында баяндама жасап, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасына жан-жақты талдау жасады.
Кешімізге Батыр Баянның 6-шы ұрпағы – Олжабаев Зейнолла аға, 7-ші ұрпақтары – Аманжол Баймұратов, Кәмилә Әлібаева, 8-ші ұрпақтары – Жанайдар Әлназаров, Ғалия-Бану Ибраева қатысты.
Ұрпақтары атынан Олжабаев Зейнолла аға, Аманжол Баймұратов сөз сөйлеп, Зейнолла аға Батыр Баян бабасы туралы көптеген құнды мәліметтер айтып берді. Ақын, әнші Кәмилә Әлібаева Батыр Баян бабасына Арнау өлеңін оқып берді.
Кешке қатысушылар «Өр тұлғалы Батыр Баян» атты кітап көрмесін тамашалады.