Басты құндылық

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада мәдениет саласы қызметкерлерінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Онда 2018 жылдың қорытындысы мен биыл атқарылатын шаралар жайы сөз болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ермек Рахимов бүгінде өңірде 600-ге жуық мәдениет нысаны жұмыс істейтінін айтты. Солардың 22-сі ауыл шаруашылығы құрылымдары субъектілерінің көмегімен тұрғызылған. Биыл Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының 500 орынға арналған жаңа ғимараты пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 2,9 миллиард теңге бөлініп отыр. Ақпан айында өнер ордасы жанынан көру және есту қабілеті төмен азаматтарға арналған кіші театр ашылмақ. Биыл Есіл, Мамлют және Тайынша аудандарындағы Мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту көзделген.

Музейлерде атқарылған шаралар жөнінде облыстық мұражайлар бірлестігінің директоры Гүлнәр Мұқышева баяндады. Мұражай қоры былтыр 479 құнды туындымен толыққан. “Туған өңір – тұңған сыр” тақырыбындағы танымал суретшілер көрмесі көптің көңілінен шықты. Биыл солардың қатарын “Ботай – ата-баба мұрасы” атты көрме толықтырады. Өңірдегі мұрағат нысандарын Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің құрамына енгізу жұмысы жалғастырылуда. Архив қызметін ұсынудан түскен қаржы бұдан былай аталмыш саланың өз қажеттіліктерін өтеуге бағытталады. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында айтылған тапсырмалар негізінде мұрағат саласын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні облыстық мұрағат қорларының басым бөлігі цифрландырылған, 15 мың құжат қалпына келтірілген. Мұнда арнайы зертхана құру шаралары да қолға алынған.

Облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығында да атқарылған жұмыс аз емес. Дей тұрғанмен, аталмыш мекеменің әлі күнге дейін өз ғимараты жоқ. Орталық директоры Жанболат Мұқанов өнер ұжымдарының костюм тігуде, музыкалық аспаптар сатып алуда қаржылық қиыншылыққа тап болып отырғанын айтты. Аудандық Мәдениет үйлері өнерпаздарды түрлі байқауларға қатыстыру ісіне ден қоймай отыр. Кадр жетіспеушілігі де айқын сезіледі. Бұл мәселені шешу мақсатында орталық қызметкерлері оқу орындарын аралап, түсінік жұмыстарын жүргізуде.

Жиын соңында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет мәдениет нысандарын цифрландыру мәселесі әлі де өткір тұрғанына тоқталды. Бүгінде облыстағы 320 кітапхананың 123-і ғана компьютермен жабдықталса, 261-і интернет желісіне мүлде қосылмаған.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”


Кубенова Г. Басты құндылық./ Soltustik Qazaqstan.-№12.-2 aqpan.-2019 jyl.-5 bet.