«Қазақ музыкасының мақтанышы»

2025 жылдың 8 сәуірі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында әйгілі композитор, күйші, домбырашы, дирижер, педагог, Қазақстанның халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақ музыкасының мақтанышы» атты әдеби-музыкалық қонақжай өтті.

Қазақтың кең даласын күмбірлеген күймен тербеген дәулескер күйші, біртуар сазгер Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен іс-шараға зиялы қауым өкілдері, студент жастар, кітапхана оқырмандары қатысты.

Кеш халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Ермек Серкебаев атындағы Өнер колледжінің «Күдер» домбырашылар ансамблінің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» және «Әлқисса» күйлерімен ашылды.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 2 курс студенті Камила Нұрланова «Ата толғауы» күйін орындап берді.

«Жас Дарын» өнер мектебінің оқушылары Ясмин Аубакирова Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін, Әмір Дүйсембай «Әлқисса» күйін, Дарина Шевченко «Тек алға» әнін орындап берді. Сулейманова Алиса фортепьяна аспабында Н.Тілендиевтің шығармасын орындады.

 

Кеш барысында Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солисі Анастасия Симонова М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің әні «Саржайлауды» өте тамаша орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Е.Серкебаев атындағы Өнер колледжінің оқытушысы Ерасыл Алпысбай Н.Тілендиевтің «Аралдағы жеңеше» әнін өте жоғары деңгейде орындап және Е.Серкебаев атындағы Өнер колледжінің оқушысы Диана Болысбаева Н.Тілендиевтің «Куә бол» әнін орындап берді.

Кештің әрбір өнерпазы Нұрғиса атамыздың рухын асқақтатып, «сегіз қырлы, бір сырлы» күй алыбының жан-жақтылығын, тереңдігін ерекше сездірсе, ал әндерін орындаған әншілер кештің мәнін ашып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Іс-шараға қатысушылар «Үлкен өнер иесі» атты кітап көрмесін тамашалады. Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы толық мәлімет алды.