«Ғалым-археолог» атты танымдық сағат

2024 жылдың 29 мамыры күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тікелей эфирде ғалым, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, шығыстанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Ғалым-археолог» атты танымдық сағат өтті (эфирге сілтеме).
Тікелей эфирді осы кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің кітапханашысы Зәмзәгүл Спартакқызы жүргізді.
Тікелей эфирде Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебиеттану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер, филология ғылымдарының докторы, Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА академигі, профессор, Казақ ССР ғылымының еңбек сіңірген қызметкері Әлкей Марғұланның өмірі мен қызметі, Қазақстанның ғылымына сіңірген еңбегі туралы жан-жақты баяндалды.
Әлкей Марғұлан қазақ халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірді. Оның қаламынан туған тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалар жарық көрді. Көшпенділер мен ата-тегіміздің өмірі, аңыздар мен миф дүниесі, кең дала, ашық ғарыш, киіз үй етене жақын болды. Академик Ә.Х. Марғұлан артына өте құнды 14 томдық негізгі еңбектерінен тұратын зор ғылыми мұра қалдырды.