«Қайсар жазушы» атты әдеби кеш

2024 жылдың 10 қаңтары күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қайсар жазушы» атты әдеби кеш өтті.
Іс-шараны белгілі жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілщісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, «Қаламгер» клубының мүшелері, Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп оқушылары, М.Жұмабаев атындағы IT- мектеп-лицейінің оқушылары, мұғалімдер, кітапхана оқырмандары, Зейнел-Ғаби Иманбаевтың балалары, туыстары, жерлестері қатысты.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыров Зейнел-Ғаби Иманбаевтың шығармашылығы туралы жан-жақты баяндады. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың немере інісі Уәлихан Қаражігітов Зейнел-Ғаби Иманбаевтың адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, жазушы туралы жылы лебіздерін білдірді. Ақын, облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Самрат Құскенов жазушыға Арнау өлеңін оқып берді. «Қызылжар Асар» корпоративтік қорының директоры Қанат Омаров және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин естеліктерімен бөлісті. Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Шіл» атты әңгімесінен үзіндіні Е.Серкебаев атындағы Өнер колледжінің 4 курс студенті Бекзат Нақыпбек нақышына келтіріп оқып берді. Жазушының қызы Марал Зейнел-Ғабиқызы сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Шара барысында Зейнел-Ғаби Иманбаев туралы слайд көрсетілді.
Кешке қатысушылар «Қарымы кең қаламгер» атты кітап көрмесін тамашалады.