2022 жылдың 21 желтоқсаны күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жерлесіміз, белгілі журналист, жазушы Бақыт Мұстафиннің туғанына 85 жыл толуына арналған «Абзал азамат» атты еске алу кеші өтті.
Шараға ақын-жазушылар, журналистер, С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушылары, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Асыл мұра» орталығының қызметкерлері, кітапхана оқырмандары, жазушының туған-туысқандары қатысты.
Шараны белгілі жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Еске алу кешінде сөз сөйлеген М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматтары Болат Сағындықов, Тілек Әбдірахманов, Серікбай Құсайынов адалдықты, кішіпейілдікті, өз ісіне берілгендікті өміріне ту етіп ұстаған Бақыт Мұстафиннің өте талантты журналист әрі жазушы болғандығы жайлы баяндады, адамгершілік қасиеттері туралы әңгімеледі.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Жанар Таласпаева Бақыт Мұстафиннің шығармашылығына әсіресе очерктеріне тоқтала келе, оның ақынжанды адам болғанын тілге тиек етті.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры , тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова, журналист, ақын, «Қазақстан дәуірі» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Нұрсайын Шәріп Бақыт Мұстафиннің «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінде қатардағы әдеби қызметкерден бас редакторға дейінгі өткен еңбек жолы туралы баяндады. Бақыт Мұстафин екінің бірі қалам тербемейтін балалар әдебиетін серік етті. Балаларға арналған көркем әңгімелері «Тәтті сәбіз», «Досыңды шақыр» деген атпен жарық көрді. Балаларға арналған туындылары «Балдырған» журналының конкурстарында бірнеше мәрте бәйге алып, лауреат атанды,-деді.
Ардагер журналист, «Асыл мұра» орталығының жетекшісі Ахметжан Қуантаев қаламыздың бір көшесіне Бақыт Мұстафиннің аты бірнеше рет ұсынылса да, әлі күнге дейін берілмей келе жатқанын баса айтты.
Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова әкесі Зейнел-Ғаби Иманбаев пен Бақыт Мұстафиннің шығармашылық, достық қарым-қатынастары туралы әсерлі баяндады.
Кеш соңында Бақыт Мұстафиннің зайыбы Дәмелі Бүркенқызы Мұстафина шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Шараға қатысушылар «Қарымды қаламгер» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Мероприятия #Информация #ПрямыеЭфиры #Чтение #Книги