«Ақын жыры – өмір сыры»

2021 жылдың 3 ақпаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Туған жер» бағдарламасы аясында тікелей эфирде «Ақын жыры – өмір сыры» тақырыбында жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі, республикалық, аймақтықжыр мүшәйраларының  жеңімпазы Тоқтар Зікіринмен шығармашылық кездесу өткізіліп, автордың жуырда ғана жарық көрген «Жүрек сыры» атты өлеңдер  жинағымен таныстырылды.
Қарағанды кооперативтік институтында оқыған сексенінші жылдардың бас кезінде өзінің балауса жырларымен әдебиет сүйер қауымның назарына іліккен Тоқтар ағамыз бүгінде алты жыр жинағының авторы.
Ақынның қаламынан «Жан шуағы» (2007), «Көңіл көкжиектері» (2009), «Тіршілік тынысы» (2017), «Бұл бір дәурен» (2018) атты өлеңдер жинағы,  «Өмір өзегі» атты толық таңдамалы шығармалар жинағы (2019) Алматыда «Асыл кітап» баспа үйінде басылып шықты.
Жуырда ғана жарық көрген алтыншы кітабы «Жүрек сыры» (2020) деп аталады. Бұл кітабына соңғы кездері жазылған тіршіліктің сан алуан тақырыптарын қамтитын өлеңдері енген. Ақын бүкіл адамзатты толғантатын өмірдің өзекті мәселелерін қозғайды. Азаматтық, әлеуметтік әуендегі және табиғат жырларымен көпшіліктің көкейіндегі ойын айтса, жастықтың сезімді сырларымен жүрек қылын тербейді. Сондай-ақ, бұл жаңа өлеңдер кітабына Ұлы Даланың Ұлы Аналарының бірі туралы жыр-хиқаяты енген.
Шара барысында Тоқтар ағамыз «Жүрек сыры» кітабынан әр түрлі тақырыптағы өлеңдерін оқып берді, қойылған сұрақтарға жауап берді.