«Ақын әлемі»

2024 жылдың 12 маусымы күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, ақын, аудармашы Майра Жансаеваның туғанына 115 жыл толуына арналған «Ақын әлемі» атты онлайн әдеби сағат өтті (эфирге сілтеме).
Әдеби сағатты осы кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің басшысы Майра Әшімова жүргізді. Шара барысында ақын Майра Жансаеваның өмірі мен шығармашылығы туралы жан-жақты баяндалды.
Ақын, облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Диас Аяған Майра Жансаеваның өлеңдері алғаш рет 1949 жылы Д.Әбілев, Т.Ахтанов, Қ.Бекқожин құрастырған «Жастар даусы» атты Қазақстан жас ақындарының таңдамалы өлеңдері мен поэмаларының жинағына енгенін, онда ақынның 1941-1947 жылдар аралығында жазылған туындылары енгенін, көзі тірісінде «Ана жүрегінен» атты өлеңдер жинағы 1951 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан басылып шыққанын, онда ақынның 1937-1950 жылдар аралығында жазған өлеңдері басылғанын тілге тиек етіп, оның өлеңдеріне талдау жасады. Ақынның бірнеше өлеңін оқып берді. Аударма саласында да еңбек етіп, татар жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударғаны, Сәбит Мұқановтың машинисткасы болып, оның көзі тірісінде барлық шығармаларын қағаз бетіне түсіріп басумен айналысқаны да сөз етілді.