«Аққан жұлдыздай Ерік ел есінде»

2024 жылдың 9 ақпаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, дарынды ақын, жазушы, драматург, аудармашы Ерік Асқаровтың туғанына 65 жыл толуына арналған «Аққан жұлдыздай Ерік ел есінде» атты еске алу кеші өтті.


Кешті белгілі жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жү\ргізді.
Кешімізге ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенттері, «Foundation» факультетінің тыңдаушылары, М.Жұмабаев атындағы «IT-мектеп-лицейінің» оқушылары, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушылары, мұғалімдер, «Қаламгер» клубының мүшелері, Ерік Асқаровтың туған апасы – Алма Мұхамед-Хафизқызы, баласы – Бекзат Ерікұлы, жезделері Мұрат Нұрышев, Зейнолла Олжабаев қатысты.
Алғашқы болып сөз алған М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанбай Қадыров «Ерік Асқаров шығармашылығының әдебиет тарихындағы орны» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз баяндамасында дарынды ақын, жазушы, драматург, аудармашы Ерік Асқаровтың шығармашылығына жан-жақты талдау жасай келе, оның шығармашылық мұрасы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық намыс пен патриотизмді қалыптастыруда таптырмас мектеп екендігін баса айтты.
Келесі сөз сөйлеген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мұғалім, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жазба ақындық бағыты бойынша жетекшісі Аманжол Зағыпар осы Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі шәкірттерінің жеткен жетістіктері туралы баяндады. Өзі қызмет істейтін осы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 5 «ә» сынып оқушысы Азиз Ақжарқын Ерік Асқаровқа арнаған «Екпінді Ерік Асқаров» атты өлеңін, 6 «ә» сынып оқушысы Елдана Біржан «Жыр жүйрігі Ерік ақын» атты өлеңін оқып берді.
Ерік Асқаровтың жездесі Олжабаев Зейнолла аға Ерік Асқаровтың ата-анасы, отбасы туралы айта келіп, оның бала кезінен ақылды, зерек, бауырмал, адамға үйірсек қасиетімен ерекшеленгенін, 9 сыныптан бастап, Алматыдағы әйгілі №12 қазақ мектебінде оқығанын, оның ақын болып қалыптасуына Алматыда тұрған әкесінің ақын қарындасы Әмина (Шалабаева) апайдың зор әсері болғанын тілге тиек етті. Айтыскерлік талантына да тоқталды.
Ерік Асқаровтың өлеңдерін М.Жұмабаев атындағы «IT-мектеп-лицейдің» 9 сынып оқушылары Алуа Нұрлан және Хавин Гулоева, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 2 курс студенті Алуа Кеңесбай және кітапхана оқырманы, жас ақын Мөлдір Қыстаубаева оқып берді.
Ерік Асқаровтың «Соңғы сөз» және «Келтесорда ауылда» атты өлеңдеріне жазған әндерін Ақан сері атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Біржан Есжанов өте тамаша орындап беріп, шараға қатысушылардың қошеметіне бөленді.
Шарамызға қатысқан Ерік Асқаровтың туған апасы – Алма Мұхамед-Хафизқызы, жездесі – Мұрат Нұрышев, баласы – Бекзат Ерікұлы шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Шараға қатысушылар «Поэзияда өшпес із қалдырған» атты кітап көрмесін тамашалады. Слайд көрсетілді.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Информация #Чтение #Книги